ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ
РАДИОЭЛЕКТРОНИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ӘСКЕРИ-ИНЖЕНЕРЛІК ИНСТИТУТЫ

 

2024 жылғы ҚР ҚК әскери девизі «Айбынды армия — тәуелсіздік кепілі»

300 алматылық мектеп оқушысы үшін ашық есік күні

Балалар жылы аясында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты алматылық оқушылар үшін ашық есік күнін өткізді.

37 мектептен жиналған 300 оқушы әскери институтың тарихы және тыныс-тіршілігімен танысты.

Бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақ бойында әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, оны дамыту.

Оқушылар үшін қару-жарақ пен жаттығу гранатасы үлгілерінің көрмесі қойылды. Нұсқаушылар уақытқа автоматты шашып-жинау, қорғаныс киімін кию тәртібін көрсетті. Оқытушылар өз кафедраларын таныстырып, әскери оқу орнында оқытылатын мамандықтардың ерекшеліктерін атап өтті.  Жеткіншектер әскери қызметші болудың артықшылығымен және осы оқу орнына түсу талаптарымен танысты. Әр балаға Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты туралы ақпараты бар буклет ұсынылды. Буклеттің соңғы бетіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы әскери оқу орнының ресми сайтына өтеді.

-       Институтта түрлі мамандықтар оқытылады. Біздің түлектер әскерде де, азаматтық қоғамда да үлкен сұранысқа ие. Бұл алдымен инженерлік-техникалық мамандықтарға қатысты, - деп атап өтті әскери институт бастығы полковник Қайрат Дәуітов.

Сондай-ақ, ол болашақ офицерлердің үздіксіз жауынгерлік даярлығы мен мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауы әскери оқу ордасының еліміздің қорғаныс саласын нығайтуға қосқан үлесі екенін жеткізді.

Ресми бөлімі аяқталған соң курсанттар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, салтанатты түрде шеру алаңынан жүріп өтті.

Екінші бөлімде футбол, волейбол, әскерилендірілген эстафета бойынша спорттық ойындар ұйымдастырылды. Оқушылар топқа жіктеліп, әр топ құрамына бір курсанттан бөлінді. Спорт ойындары аяқталған соң үздік командалар мен жеңімпаздар грамота, кубоктармен марапатталып, бағалы сыйлықтаға ие болды.

Оқушылар әскери институт ұнағанын, болашақта осы әскери институттың курсанты болуға дайын екендіктерін жеткізді. 

   


Ілгері