ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ
РАДИОЭЛЕКТРОНИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ӘСКЕРИ-ИНЖЕНЕРЛІК ИНСТИТУТЫ

 

ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ 2020 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ДЕВИЗІ «ҰЛЫ ДАЛА ӘСКЕРІ — ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ!»

Институт туралы

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының (РЭжБӘИИ) құрылу және даму тарихы қазақстандық армияны реформалаумен және отандық әскери білім беру мен ғылым жүйесін жетілдірумен тығыз байланысты.

Ел басшылығы мен Қорғаныс министрлігі жоғары білікті офицерлер корпусын даярламай, Қарулы Күштерді дамыту мүмкін емес екенін алға тартты.

1995 жылы Азаматтық авиация академиясы жанынан әскери факультет ашу туралы шешім қабылданды. Әскери факультет ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша мамандар даярлауда ерекше рөл атқарды.

2001 жылы 15 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1330 қаулысымен ААА жанындағы әскери факультет толыққанды әскери ЖОО – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты (РЭжБӘИИ) болып қайта құрылды.

Осылайша, РЭжБӘИИ қазіргі таңда Орта Азияның посткеңестік республикаларында радиотехникалық мамандықтар бойынша офицер-инженерлер даярлайтын тұңғыш және жалғыз әскери жоғары оқу орны саналады.

Қазіргі уақытта институтта офицер-радиоинженерлерді даярлау 5 мамандық бойынша жүргізіледі. Осы жылдар ішінде институт Қазақстан Республикасындағы жетекші әскери оқу орындарының біріне айналды.

Институт қабырғасында 12 ғылым кандидаттары мен философия докторлары, әртүрлі мамандықтар бойынша 90-нан астам магистрлер дайындалды. Институттың 3 қызметкері «әскери ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің нақты және корреспондент–мүшелері болып саналады.

Институтта әскери қызметте тәжірибесі мол, курсанттарға өз білімін беруге қабілеті жоғары білікті педагогикалық ұжым шоғырланған. Олардың арасында 100-ден  астам адамның ғылыми және академиялық дәрежелері мен ғылыми атақтары бар.

Институт құрылғаннан бері 185 түлек оқуды үздік аяқтап, оның ішінде 27 курсант үздік оқығаны үшін төсбелгісімен марапатталды.

Институттың заманауи оқу-материалдық базасы бар. Оқу аудиториялары мен зертханалары түрлі радиотехникалық стендтермен және компьютерлік техникамен, симуляторлармен және тренажер кешендерімен жабдықталған. Мемлекеттік және шет тілдер кафедраларының кабинеттері лингафондық техникамен жабдықталған. Білім беру сапасын арттыру мақсатында институт үлкен білім беру контентінен тұратын мультиақпараттық білім беру жүйесімен жабдықталған. Институт кітапханасында радиотехника, автоматика, есептеу техникасы және білім берудің басқа да бағыттары бойынша көптеген заманауи оқулықтар мен оқу құралдары бар.

Курсанттардың теориялық білімдерін бекіту мақсатында институттың оқу орталығында әскери техника мен әскери қаруландыру практикалық сабақтары өткізіледі. Курсанттар нақты жауынгерлік техникада жұмыс істеп, зениттік және зымырандық техникаларға, радиолокациялық станцияларға және әскери байланыс техникасы құралдарында қызмет көрсетеді. Оқу орталығында курсанттарға арналған оқу корпусы, казарма және асхана, әскери техниканы сақтауға арналған ангарлар мен далалық сабақтарды қамтамасыз етуге арналған оқу алаңдары бар.

Ғылыми-зерттеу ісіне көп көңіл бөлінеді. Инновациялық даму бойынша жоспарды іске асыру барысында институт Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелерімен ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Курсанттар мен офицерлер ғылыми зерттеу жүргізіп, әскери техника мен қару-жарақты жобалайды және жетілдіреді, өнертапқыштық және рационализаторлық жұмыстармен айналысады, гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру шеңберінде ғылыми жобаларға қатысады.

Институтта «РЭжБӘИИ ғылыми еңбектері» әскери-техникалық журналы шығарылады және журналға 10 жыл бойы жақын және алыс шетел ғалымдары өздерінің ғылыми еңбектерін жариялап келеді.

2018 жылы институт ҚР БҒМ Ғылым комитетінде ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредитациядан өтті.

Институт курсанттары әскери-ғылыми қоғамның қызметіне белсенді қатысады. Тәжірибелі оқытушылар мен ғалымдардың жетекшілігімен олар зерттеулер жүргізеді, ғылыми баяндамалар жазады және ғылыми конференцияларға қатысады.

Посткеңестік кеңістіктегі ТМД елдерінің Әскери Жоғары оқу орындары арасында алғаш рет институтқа математикадан III және IV халықаралық олимпиадаларды өткізу тапсырылды. Институт командасы екі жыл қатарынан Ресей Федерациясы курсанттарының командасына жол беріп, екінші орынды иеленді. Сондай-ақ институттың информатика, шет тілі және әскери тарих пәндері бойынша командалары Қазақстан Республикасының намысын қорғап, жақсы білімдерін көрсетіп, жүлделі орындарды қанжығалап келеді.

Институт қызметкерлері мен курсанттары «Кадекс» халықаралық қару-жарақ және әскери техника көрмесінің жұмысына бірнеше рет белсене қатысты.

Әскери білім алумен қатар курсанттардың дене дайындығына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта институтта түрлі спорттық секциялар жұмыс істеп, әртүрлі спорттық жарыстар мен іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады.

Институт курсанттары мен офицерлері халықаралық және республикалық деңгейдегі түрлі жарыстардың жүлдегерлері атанды. Институт жұмыс істеген жылдар ішінде 50-ден астам курсанттар мен офицерлер спорт шеберінің нормативін орындады, 100-ге жуық адам спорт шеберіне кандидаттардың нормативін орындады, 2000-нан астам курсант машықтанған спортшы болды.

Институттың волейболдан құрама командасы 3 рет Қарулы Күштердің чемпионы, 2 рет ТМД чемпионатының күміс жүлдегерлері (Санкт-Петербург қ., 2011 ж., Астана қ., 2012 ж.) және әлем чемпионатының қатысушылары (Эквадор, 2014 ж.). Гір спорты бойынша курсанттар 2 рет ҚР Қарулы Күштерінің чемпиондары атанды.

Спорттық бағдарлау бойынша жарыстар өткізілген уақыттың барлығында РЭжБӘИИ командасы әлі күнге дейін бірде-бір командадан кем түспей келеді және жеке көшбасшы болып саналады. Дене шынықтыру дайындығы кафедрасының аға оқытушысы О.С. Сердалиев 2017 жылы ТМД елдерінің Бүкілармиялық ойындарының чемпионы атанды. Қоян-қолтық ұрыс бойынша РЭжБӘИИ курсанттарының құрама командасы ҚР ЖОО арасында бірнеше рет бірінші орынға ие болды.

Институт қолбасшылығы болашақ офицерлердің бойында патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, жоғары азаматтық ұстаным сияқты қасиеттерді қалыптастыру жолында үлкен жетістіктерге жетті. Осы мақсатта курсанттарға толыққанды үйлесімді және мәдени дамуға барлық жағдай жасалған.

Курсанттар көркем үйірмелер мен көркемөнерпаздар байқауына қатысып, «Жас Ұлан» әскери әндер байқауының лауреаттары атанды. 2017 жылы институт курсанты Д. Жанабайға байқаудың қазылар алқасы бас жүлдені табыстады. Барлық казармалар мен жатақханаларда музыка тыңдап, кітап оқуға болатын демалыс және психологиялық жеңілдету бөлмелері құрылған.

Курсанттармен жұмыс жасау барысында клубтық жұмыс ерекше орын алады. РЭжБӘИИ қабырғасында Қазақстан Республикасының Әскери Жоғары оқу орындары арасында алғаш рет көңілді тапқырлар клубы, ғылыми-дебат клубы, «Бес қару» әскери-тарихи клубы құрылды. РЭжБӘИИ КВН командасы Қазақстан Республикасының КВН жоғары лигасына кірді. РЭжБӘИИ ғылыми-дебат клубына қатысатын курсанттар 8 жыл бойы республиканың жоғары оқу орындарының дебат клубтары арасында бірнеше рет чемпион атанып келеді. Жыл сайын институтта еліміздің жоғары оқу орындары арасында Республикалық дебаттық турнирлер өткізіліп, онда курсанттар мен студенттер өздерінің шешендік өнер мен көпшілік алдында сөйлеу шеберліктерін шыңдайды.

Осылайша, институт құрылған жылдан бері РЭжБӘИИ әскери білім беру саласындағы жетекші білім беретін, ғылыми - зерттеу, әдістемелік және консалтингтік орталық ретінде қалыптастыруға бағытталды.

Институт басшылығы, профессорлық-педагогикалық ұжымы және оның курсанттары оқу-тәрбие процесінің сапасын жетілдіру үшін барлық күш-жігерін салып келеді.